Әлихан Смаилов:Қазақстан шетелдік инвестицияларды тарту бойынша өңірлік көшбасшы болып қала береді
24KZ телеарнасына берген сұхбатында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жұмыстары туралы айтты.
«Қазіргі жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін тартымды болып қала береді. Біздің еліміз Орталық Азия аймағындағы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны бойынша көшбасшы болып табылады. Өткен жылы ол 18 пайызға өсіп, 28 миллиард долларға жетті, бұл Қазақстан үшін соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш болды», - деді ол.
Оның айтуынша, бірінші жартыжылдықта ел экономикасына 13,3 миллиард доллар тартылса, жыл соңына дейін шамамен 27 миллиард доллар күтілуде, бұл да айтарлықтай жоғары көрсеткіш.
«Бұл, негізінен, күрделі геосаяси шиеленіс жағдайында көптеген ықпалды ойыншылармен қарым-қатынасты дәйекті түрде нығайтып келе жатқан Президентіміздің филигрлік дипломатиясының арқасында мүмкін болды. Бұл Қытай, Еуропа, Ресей, АҚШ, Түркия, Араб елдері және т.б.», - деді Әлихан Смайылов.
Өз кезегінде Үкімет инвестициялық белсенділіктің қажетті деңгейін ұстап тұру үшін қажетті шараларды қабылдауда. Атап айтқанда, жалпы құны 32 триллион теңгеден асатын 1 мыңға жуық жобадан тұратын жалпы республикалық пул қалыптасты.
«Біз оларды жүйелі түрде жүзеге асырып жатырмыз», - деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ Үкіметте Инвестициялар жөніндегі штаб жұмыс істейді, оған жақында ғана Елбасының өкімімен арнайы өкілеттіктер берілді. Енді қабылданған шешімдер міндетті болып табылады.
«Инвестицияларды тарту бойынша барлық деңгейдегі басшылардың жеке жауапкершілігі күшейтілді. Сондай-ақ, инвестициялық жобаларды прокурорлық қолдаудың арқасында бюрократиялық кедергілер барынша азайтылады. Мұның барлығы инвестициялық жобалардың жедел жүзеге асырылуын қолмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.