Log main

youtubetelegatweetfacebinsta 

apple

2023 ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: ҚАЗАҚ СПОРТЫНДАҒЫ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСТЕРІ

Itogi Spirta2023Rus


2023 ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: ҚАЗАҚ СПОРТЫНДАҒЫ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСТЕР

 

Тарих қойнауына еніп бара жатқан Қоян жылы да әдеттегідей спорттық сайыстарға толы болды. Жылдың басынан аяғына дейін қазақстандық спортшылар бірқатар маңызды жарысқа, жекелеген спорт түрлерінен өткен әлемдік және құрлықтық деңгейдегі додаларға және басқа да халықаралық турнирлерге қатысты. Ел жанкүйерлері сол саңлақтарымыздың жарқын жеңісіне құшырлана қол соғып, қуаныш пен шаттыққа бөленген кездеріміз көп болды.

 

ЖЫЛ ЖАРЫСЫ: ЖАЗҒЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫ

2023 жылы Олимпия ойындары өткізілмегендіктен, биылғы жылдың басты спорттық іс-шарасы – Жазғы Азия ойындары болды. Қытайдың Ханчжоу қаласында 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында ұйымдастырылған сары құрлық додасында жерлестеріміз 10 алтын, 22 күміс, 48 қола жүлдеге ие болды. Бір айта кетерлігі, биылғы Азия ойындарында алғаш рет Олимпия ойындарының лицензиясы таратылды. Қытайдағы Азия ойындарына спорттың 30 түрінен 524 спортшымыз қатысты. Азия ойындарында 9 спорт түрі бойынша Париж Олимпиадасының лицензиясы сарапқа салынды.

 

ЖЫЛ ЖЕҢІСТЕРІ

Әуесқой бокс: Биыл отандық былғары қолғап шеберлері үшін табысты жыл болды деп айтуға болады. Жыл басында еліміздің 22 жасқа дейінгі құрамасы Тайландта өткен Азия чемпионатында 20 медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте үздіктер қатарынан көрінді.

Ал мамыр айында Ташкент төріндегі әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 4 алтын (Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай), 1 күміс (Дулат Бекбауов) олжалады. Қазақстан құрамасы мұндай нәтижеге осыдан 10 жыл бұрын, 2013 жылы Алматыдағы әлем біріншілігінде қол жеткізген еді.

 

Футбол: Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы биылғы ЕУРО-2024 турнирінің іріктеу кезеңі аясында бірқатар сәтті ойын өткізді. Солардың ішінде жерлестеріміздің наурыз айында Данияны өз алаңымызда 3:2 есебімен тізе бүктіріп, сол матчта мергендігімен көзге түскен Асхат Тағыбергеннің голы UEFA-да үздік деп танылуы жанкүйерлердің жадында ұзақ уақыт сақталатыны сөзсіз. Іріктеу ойындарында жерлестеріміз финалдық кезеңге шыға алмаса да, алғаш рет топтық сайыста 18 ұпай жинады. Ұлттық құраманың көктемде Ұлттар лигасы турнирі арқылы жолдамаға таласатын мүмкіндігі бар.

 

Футзал: Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде 100 пайыздық нәтиже көрсетті. Топтағы 6 ойынның барлығында жеңіске жетіп, қатарынан 3-ші мәрте әлем чемпионатының финалдық сатысына жолдама алды. Енді отандастарымыз 2024 жылы Ташкентте әлем чемпионы деген атаққа таласады. Естеріңізде болса, 2021 жылы жерлестеріміз әлем біріншілігінің жартылай финалына дейін жеткен еді.

 

Теннис: Теннистен әйелдер арасындағы әлемнің ең үздік ракеткаларының бірі Елена Рыбакина биыл төрт бірдей ірі жарыстың финалында бақ сынады. Алдымен жыл басында «Үлкен дулыға» санатындағы төрт маңызды жарыстың біріншісі – Аустралия ашық чемпионатының финалында бақ сынаса, кейіннен Мадридтегі «мыңдық» турнирдің финалисі атанды. Ал биыл өз карьерасында алғаш рет жүлде қоры қомақты және WTA 1000 санатындағы Indian Wells және Masters Internazionali BNL d'Italia турнирлерінде топ жарды.

Сонымен қатар ерлер арасындағы еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик те өз мансабында алғаш рет ATP 500 сериясындағы турнирде жеңімпаз атанды.

 

Кәсіпқой бокс: Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 KO) биыл орта салмақ дәрежесі бойынша WBO және IBO тұжырымдасының әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

 

Аралас жекпе-жек: Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең беделді ұйым – UFC-де өнер көрсететін отандасымыз Шавқат Рахмонов биыл жанкүйерлерді кезекті жарқын жеңісімен қуантты. Даңқты жерлесіміз желтоқсан айында мұхиттың арғы бетінде ұйымдастырылған UFC 296 турнирінде октагонға шығып, жергілікті файтер Стивен Томпсоннан басым түсті. Бұл жеңістен кейін отандасымыз чемпиондық атаққа бір табан жақындай түсті.

 

Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 2023 жылы 1 400-ден аса халықаралық жарысқа қатысып, 864 медаль жеңіп алды. Оның ішінде ұлттық құрама қоржынында 291 алтын, 262 күміс және 311 қола медаль бар. Атап айтар болсақ, әлем чемпионаттарында – 68, Азия біріншіліктерінде – 47 және Азия ойындарында 10 алтын медаль жеңіп  алды.

 

Сонымен қатар биыл қазақ спорты тарихында айтулы жетістіктер, тарихи жеңістер аз болған жоқ. Мәселен, Бельгияның Антверпен қаласында ұйымдастырылған спорттық гимнастикадан кезекті әлем чемпионатында Милад Карими 26 жылдан кейін ел қоржынына жүлде салып, әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанды. Осы тарихи табысынан кейін Милад Париж Олимпиадасының лицензиясын иеленді.

 

Еркін күрес: еркін күрес балуаны Ризабек Айтмұхан күрес түрлерінен әлем чемпионатында жанкүйерлер 30 жыл күткен алтын медалді сыйлады. Отандық балуандардар 1993 жылдан бері әлем чемпионатына қатысып келе жатса да, тек биылғы додада 92 келі салмақтағы Ризабек Айтмұхан топ жарды. Жалпы ел тарихында бұған дейін 6 әлем чемпионы шыққанымен, Ризабек небәрі 19 жасында жеңіс тұғырына көтерілген алғашқы балуан.

 

Семсерлесу: Азия чемпионатының үш дүркін чемпионы, Азия ойындарының күміс және қола жүлдегері Руслан Құрбанов Италияның Милан қаласында өткен әлем чемпионатында ел тарихында алғаш рет әлем біріншілігінің қола жүлдесіне қол жеткізді.

 

Су спорты: Қазақстандық Эдуард Ким су спорты түрлерінен Жапонияда өткен әлем чемпионатында әртістік жүзі бойынша қола жүлдегер атанып, Қазақстан құрамасына су спорты түрлерінен алғашқы жүлдені сыйлады.

 

Каратэ: Мажарстан астанасы Будапештте өткен каратэден әлем чемпионатында Мөлдір Жаңбырбай топ жарып, ел тарихында аталған спорт түрінен тұңғыш әлем чемпионы атанды. Мөлдір өзінің жарыс жолында Алжир, Жапония, Словакия, Венесуэла елдерінен келген қарсыластарын ойсырата жеңіп, финалда Италия спортшысынан басым түсіп, алтын жүлде иеленді.

 

Самбо: Самбодан Арменияда өткен 48-ші әлем чемпионатында жерлестеріміз тағы бір тарихи алтынға қол жеткізді. Ауыр салмақта өнер көрсеткен Арайлым Әбенова финалда ресейлік қазақ Жанара Құсанованы айқын жеңіп, Арменияда әнұранымызды шырқатты. Осылайша, тұңғыш рет ауыр салмақтағы қазақ қызы самбодан әлем чемпионы атанды. Қазақстан спортшылары самбо күресінен  әлем чемпионатына 1992 жылдан бері тұрақты түрде қатысып,  30 жылдың ішінде 27 алтын медаль иеленді.

 

Шайбалы хоккей: Мажарстан астанасы Будапешттегі шайбалы хоккейден жастар арасындағы IA дивизионының әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бас жүлдені олжалап, элиталы дивизионға жолдама алды. Жастар құрамасының осы жеңісінен кейін Қазақстан тарихи жетістікке қол жеткізді. Яғни, 2024 жылы өтетін әлем чемпионатының топ-дивизионында бірден үш құрамамыз – жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы ұлттық құрама өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.

 

Шахмат: Шахматтан Польшада өткен қыздар арасындағы командалық әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы күміс медаль олжалап, тарихта алғаш рет жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұл жарыста Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Алуа Нұрманова, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева, Әсел Серікбай ел намысын қорғады.

Banner EPC TV

05

Banner EPC Sport