Ақмола облысында азаматтарды қабылдау орталығы ашылды
Көкшетауда мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының қабылдауына жазылуға, кез келген бөлімге өтініш жазуға, сондай-ақ кеңестер алуға болатын облыстық Азаматтарды қабылдау орталығы іске қосылды.
Бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген жиында «Естіуші мемлекет» тұжырымдамасы аясында берілген тапсырма бойынша жүзеге асырылды. Айта кету керек, елордада құрылған Бірыңғай Азаматтарды қабылдау орталығы орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен азаматтар арасындағы тікелей байланыс стандартын орнатуға мүмкіндік берді. Бұл тәжірибе Ақмола облысында кеңейді.
Жаңа орталықта азаматтарды бірінші болып облыс әкімі Марат Ахметжанов қабылдады.
Целиноград ауданына қарасты Талапкер ауылының белсенділері жеке тұрғын үй құрылысының даму жоспарына сарқынды су қоймасын енгізу мәселесі бойынша өңір басшысына жүгінді.
Қосшы тұрғындары ауыз су мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Қала әкімі Ғайдар Қасеновтың айтуынша, Нұра-Есіл кен орнынан тартылатын су құбырының екінші желісін тартудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарлануда.
Өтініш білдірген азаматтардың арасында ерекше күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырған ана Бикен Бөкенова да бар. Облыс орталығының тұрғыны жеке баспанаға мұқтаж. Қала әкімі Б.Бөкенованың 1 млн теңгеге тұрғын үй сертификатын алу үшін жеңілдік санатына жататынын түсіндірді. Көрсетілген сома «Отбасы банкінде» ипотека алу үшін бастапқы жарна болады. Өтініш берушінің жалдамалы тұрғын үйді жалға алу ақысын субсидиялау мүмкіндігі де бар.
Облыс әкімі барлық өтініш білдірген тұрғындарды тыңдап, әрбір өтініш бойынша қолданыстағы заңнама нормалары түсіндіріліп, мемлекеттік мекеме басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.
«Ешбір мәселе қараусыз қалмауы керек. Барлық рәсімдер Заң аясында сақталуы тиіс», - деді Марат Ахметжанов.
Айтпақшы, Орталық электронды цифрлық қолтаңба мен түрлі сертификаттарды бере отырып, өтініштерді қабылдаудың бірыңғай терезесі ретінде «e-Ontinish» жүйесінде кеңес беру, жеке қабылдаулар жүргізу және өтініштерді тіркеуге маманданатын болады. Мұнда кестеге сәйкес жергілікті атқарушы органдар мен аумақтық департаменттердің өкілдері азаматтарды қабылдайды. Кесте облыс әкімдігінің және тиісті мемлекеттік органдардың сайттарында орналастырылған.